Жылдық есебі / 2024
ДАМУ ЭНЕРГИЯСЫ

pdf Қаз Рус Eng
Cover 1

05

Ішкі аудит қызметі

Ішкі аудит қызметінің миссиясы — Директорлар кеңесіне және атқарушы органға Компанияның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу бойынша міндеттерді іске асыруда қажетті қолдау көрсету. Қызметтің негізгі мақсаты — тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару жүйелерін жетілдіру үшін жүйелі тәсілді енгізу арқылы Компанияны тиімді басқаруға мүмкіндік беретін тәуелсіз әрі объективті ақпаратты Директорлар кеңесіне ұсыну болып табылады.

2024 жылы Ішкі аудит қызметінің қызметі келесі құжаттармен реттелді:

  • Ішкі аудиттің халықаралық кәсіби стандарттары;
  • Ішкі аудиторлар институтының Әдеп кодексі;
  • «KEGOC» АҚ Ішкі аудит қызметі туралы ереже (Директорлар кеңесімен бекітілген);
  • «KEGOC» АҚ-да ішкі аудитті ұйымдастыру қағидалары (Директорлар кеңесімен бекітілген);
  • Ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары (Директорлар кеңесінің төрағасымен бекітілген).

Барлық аудиторлық тапсырмалар ІАҚ миссиясы мен негізгі мақсатын ескере отырып жоспарланды. Жоспарлауда тәуекелге негізделген тәсіл қолданылып, ең алдымен жағымсыз оқиғаларға неғұрлым бейім бизнес-процестер қамтылды.

Ішкі аудит қызметінің 2024 жылға арналған жылдық аудиторлық жоспары «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы шешімімен (№12 хаттама) бекітілді. Жоспар 17 аудиторлық тапсырманы орындауды көздеді.

2024 жылы ІАҚ орындаған тапсырмалар келесі бағыттарды қамтыды: Компанияның алты филиалында кешенді тексерулер, сатып алулар аудиті, 2023 жылғы жетекшілік және басқарушылық құрамның негізгі тиімділік көрсеткіштерінің аудиті, ұзақ мерзімді тиімділік көрсеткіштері аудиті, ақпараттық технологиялар аудиті, адами ресурстар аудиті, комплаенс функциясының ұйымдастырылуы мен тиімділігі аудиті, кәсіподақ ұйымымен өзара іс-қимыл аудиті, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы жүйесінің аудиті, Инвестициялық бағдарламаны қалыптастыру және іске асыру мониторингі аудиті. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» АҚ Ішкі аудит қызметінің хаты негізінде, қордың сұранысына сәйкес, «Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік процесін басқару аудиті» атты арнайы тапсырма орындалды.

Барлық тапсырмалар толық көлемде орындалды. Қоғам қызметіне ықпал етуі мүмкін елеулі сәйкессіздіктер анықталған жоқ.

2024 жылы орындалған аудиторлық тапсырмалар нәтижесінде ІАҚ анықталған сәйкессіздіктерді жоюға арналған ұсыныстар ұсынды. Аудит объектілерімен бірлесіп Түзету іс-шараларының жоспарлары әзірленді. Ұсынымдардың орындалуы бойынша ІАҚ тоқсан сайын тұрақты мониторинг жүргізеді.