Жылдық есебі / 2024
ДАМУ ЭНЕРГИЯСЫ

pdf Қаз Рус Eng
Cover 1

03

Өндірістік қызмет

GRI 2-6, SASB IF-EU-000.B

Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес «KEGOC» АҚ келесі негізгі қызмет түрлерін жүзеге асырады:

  • электр энергиясын ҰЭТ арқылы беру;
  • ҰЭТ-ты пайдалану қызметтері;
  • электр энергиясын желіге босату және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру;
  • электр энергиясын өндіру мен тұтыну теңгерімін ұйымдастыру.

Жоғарыда аталған қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады, осыған байланысты «KEGOC» АҚ қызметі Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңымен реттеледі.

Компанияда ISO 9001 халықаралық стандартына негізделген сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) енгізілген және сәтті жұмыс істеп келеді. Бұл жүйе Компанияның интеграцияланған менеджмент жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады. СМЖ қолданылу саласы — электр энергетикасы саласындағы жүйелік оператордың функцияларын орындау: электр энергиясының көтерме нарығы субъектілеріне электр энергиясын ҰЭТ арқылы беру, техникалық диспетчерлеу және өндіру мен тұтыну теңгерімін ұйымдастыру бойынша жүйелік қызметтер көрсету.

СМЖ-ның сәйкестігін растау мақсатында 2024 жылы 2023 жылдағы «MS CERTIFICATION SERVICES PRIVATE LIMITED» (Үндістан) тәуелсіз сертификаттау органы жүргізген сертификаттау аудитінің нәтижелері бойынша қадағалау аудиті ұйымдастырылды. Аудит нәтижелері СМЖ-ның халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестігін растады.

Электр энергиясын жеткізу

SASB IF-EU-000.B

19,0

млрд кВт•сағ

2024 жылы ҰЭТ арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі

«KEGOC» АҚ желілері арқылы электр энергиясын жеткізу, млрд кВт·сағ

* Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформалау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы негізінде «Электр энергетикасы туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясының Бірыңғай сатып алушы моделі мен электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы енгізілді. Осыған байланысты Ұлттық электр торабы арқылы электр энергиясын жеткізу қызметтерінің көлемі құрылымы өзгерді.

2024 жылы ҰЭТ арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 19,0 млрд кВт•сағ құрады, бұл жоспарланған көрсеткіштен 0,23 млрд кВт•сағ немесе 1,2%-ға артық. Бұл көрсеткіштің артуы электр энергиясын мемлекетаралық транзит арқылы жеткізу көлемдерінің ұлғаюымен байланысты.

«Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес, ҰЭТ арқылы электр энергиясын жеткізу қызметі — бұл шартты тұтынушыларға, гибридтік топ тұтынушыларына, мемлекетаралық транзит кезінде, электр энергиясын экспорттау/импорттау кезінде және электр энергиясының көтерме нарығы субъектілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен екіжақты шарттар негізінде электр энергиясын сатып алу кезінде көрсетілетін қызмет.

Осыған байланысты, 2023–2024 жылдары «Электр энергетикасы туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, «KEGOC» АҚ тарапынан ҰЭТ арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі көрсетілді.

2024 жылы «KEGOC» АҚ желілері арқылы Ресей — Қазақстан — Ресей және Ресей — Қазақстан — Қырғызстан бағыттары бойынша мемлекетаралық электр энергиясын жеткізу (транзит) жүзеге асырылды. Электр энергиясының транзиті бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 6,6 млрд кВт•сағ құрады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының энергетикалық жүйесінен Қырғыз Республикасына «KEGOC» АҚ желілері арқылы 1,2 млрд кВт•сағ көлемінде электр энергиясы экспортталды.

ҰЭТ-ты пайдалану

SASB IF-EU-000.B

74,9

млрд кВт•сағ

2024 жылы ҰЭТ-ті пайдалануға байланысты көрсетілген қызметтердің нақты көлемі

ҰЭТ-ты пайдалану, млрд кВт·сағ

2024 жылы ҰЭТ-ті пайдалануға байланысты көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 74,9 млрд кВт•сағ құрап, жоспарлы көрсеткіштен 1,3 млрд кВт•сағ немесе 1,8%-ға асып түсті. Көлемнің ұлғаюы Қазақстан Республикасының көтерме нарығында электр энергиясын тұтынудың артуымен байланысты.

Техникалық диспетчерлендіру

SASB IF-EU-000.B

110,9

млрд кВт•сағ

2024 жылы электр энергиясын желіге босату және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі

«KEGOC» АҚ-ның техникалық диспетчерлендіруі, млрд кВт·сағ

2024 жылы электр энергиясын желіге босату және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 110,9 млрд кВт•сағ құрап, жоспарлы көрсеткіштен 4,6 млрд кВт•сағ немесе 4,3%-ға артық болды. Көлемнің ұлғаюы Қазақстан Республикасының көтерме нарығында электр энергиясын өндіру көлемінің артуымен байланысты.

Электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру

SASB IF-EU-000.B

210,3

млрд кВт•сағ

2024 жылы электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгеру бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі

Электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру, млрд кВт·сағ

2024 жылы электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеу бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 210,3 млрд кВт•сағ құрап, жоспарлы көрсеткіштен 4,9 млрд кВт•сағ немесе 2,4%-ға артық болды. Көлемнің артуы Қазақстан Республикасының көтерме нарығында электр энергиясын тұтынудың өсуімен шартталған.

Электр энергиясын сатып алу-сату бойынша операциялар

SASB IF-EU-000.E

1 925,9

млн кВт•сағ

2024 жылы Қазақстан Республикасының БЭЖ және Ресей Федерациясының БЭЖ шекарасындағы ауытқулардың сағаттық көлемін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алу

«Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес «KEGOC» АҚ қатарлас жұмыс режимдерін басқару және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің энергетикалық жүйелерімен өзара іс-қимыл бойынша Қазақстан Республикасы БЭЖ-дің Жүйелік операторы функциясын орындайды.

Қазақстан Республикасы БЭЖ-де тәулік бойы электр энергиясын тұтыну айқын бірқалыпсыздыққа ие: түнде тұтыну төмендеп, жұмыс күнінің басында артады, және кешкі сағаттарда ең жоғары шамаларға жетеді. Бұл ретте генерациялаушы қуаттардың негізгі үлесін өз технологиясы бойынша базалық режимде жұмыс істейтін (жүктемесін тез өзгерте алмайтын) жылу электр станциялары құрайтын Қазақстан Республикасы БЭЖ өз электр станцияларымен ауыспалы тұтыну кестесін толығымен қамти алмайды. Осының салдарынан Қазақстан Республикасы БЭЖ-де электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасында теңгерімсіздік пайда болады. Қазақстан Республикасы БЭЖ-де маневрлі өндіруші қуаттардың тапшылығы жағдайы жұмыс істеп тұрған электр станциялары жабдығының авариялық тоқтатылуымен және өндірудің тұрақсыздығымен сипатталатын ЖЭК объектілерін іске қосудың жоғары қарқынымен де күшейтілуде. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы БЭЖ-де жиілікті қолдау және туындайтын теңгерімсіздіктерді қамту Ресей Федерациясы БЭЖ-мен қатарлас жұмыс шеңберінде өзара әрекеттесу арқылы да қамтамасыз етіледі.

2009 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасындағы тараптардың электр энергетикалық жүйелерінің қатарлас жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Келісімге сәйкес «KEGOC» АҚ мен «Интер РАО» ЖАҚ арасында Қазақстан Республикасы БЭЖ мен Ресей Федерациясы БЭЖ шекарасында электр энергиясы ағынының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан сағаттық ауытқу көлемдерін өтеу мақсатында жыл сайын электр энергиясын сатып алу-сату шарттары жасалады. Осы Келісімге сәйкес ауытқуларды сатып алу-сатудың қаржылық нәтижесі Ресей Федерациясы энергия жүйесінің Қазақстан Республикасы БЭЖ-інің ауыт­қуларын физикалық реттеуі үшін әділ төлем болып табылады.

2024 жылы «KEGOC» АҚ электр энергиясы ағынының нақты мемлекетаралық сальдосының Қазақстан БЭЖ-і мен Ресей Федерациясы БЭЖ-і шекарасындағы жоспардағыдан сағаттық ауытқу көлемдерін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алуы 35 859,2 млн теңге сомасына 1 925,9 млн кВт•сағатты (18,62 теңге/кВт•сағ) құрады.

Қазақстан Республикасы БЭЖ мен Ресей Федерациясы БЭЖ шекарасында электр энергиясы ағынының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан сағаттық ауытқу көлемдерін өтеу мақсатында, «KEGOC» АҚ электр энергиясын 9 454,0 млн теңге сомасына 1 456,1 млн кВт•сағ (6,49 теңге/кВт•сағ) көлемінде сатуды жүзеге асырды.