Корпоративтік басқару

05
Акционерлердің жалпы жиналысы
Акционерлердің жалпы жиналысы «KEGOC» АҚ-ның жоғары органы болып табылады.
Акционерлердің жалпы жиналысы өз қызметі мен өз құқықтарын «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «KEGOC» АҚ-ның Жарғысына және Акционерлердің жалпы жиналысы туралы ережеге сәйкес іске асырады.
2024 жылы Акционерлердің 2 (екі) жалпы жиналысы өткізілді:
- Акционерлердің жылдық Жалпы жиналысы 2024 жылғы 2 мамырда өткізілді, онда келесі мәселелер бойынша шешімдер қабылданды:
- «KEGOC» АҚ-тың 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жылға арналған қаржылық есептілігін, таза табысты бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және 2023 жылдың екінші жартыжылдығы үшін бір жай акцияға есептелген дивиденд мөлшерін бекіту.
- «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелері мен Төрағасын сайлау, сондай-ақ Директорлар кеңесі мүшелеріне өз міндеттерін орындағаны үшін сыйақы мен шығыстарды өтеу мөлшері мен шарттарын айқындау.
- «KEGOC» АҚ Корпоративтік басқару кодексінің жаңа редакциясын бекіту.
- Акционерлердің «KEGOC» АҚ мен оның лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне қатысты өтініштері және оларды қарау нәтижелері.
- «KEGOC» АҚ акционерлерінің Жалпы жиналысының Санақ комиссиясының сандық құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
- «KEGOC» АҚ аудитін жүргізетін аудиторлық ұйымды және оның қызметтерін төлеу мөлшерін айқындау.
- Акционерлердің кезектен тыс Жалпы жиналысы 2024 жылғы 11 қазанда өткізілді, онда мынадай мәселе бойынша шешім қабылданды:
- «KEGOC» АҚ-тың 2024 жылғы 30 маусымда аяқталған алты айлық кезеңге арналған қаржылық есептілігін, таза табысты бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін бір жай акцияға есептелген дивиденд мөлшерін бекіту.
Миноритарлық акционерлердің құқықтары
Компаниядағы корпоративтік басқару барлық акционерлер үшін тең құқықтар мен әділ қатынасты қамтамасыз ететіндей түрде ұйымдастырылған. Акционерлердің құқықтары, міндеттері және құзыреттері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындалып, Компания Жарғысында бекітілген. Акционерлердің құқықтарына, басқалармен қатар, шешім қабылдауға жеткілікті және уақтылы ақпарат алу құқығы жатады. Бұл ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасы, Компанияның Жарғысы мен ақпарат ашу саласындағы ішкі құжаттарына сәйкес ұсынылады. Сонымен қатар, акционерлер жалпы жиналысқа қатысуға және өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша дауыс беруге құқылы. Олар сондай-ақ Директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындауға, оның мүшелерін сайлауға және өкілеттігін тоқтатуға қатысуға, сондай-ақ сыйақы төлеу мөлшері мен шарттарын анықтауға құқылы. Бұдан бөлек, акционерлер дивидендтік саясаттың айқындылығы мен ашықтығына негізделген жалпы жиналыс шешімімен бекітілген мерзім мен мөлшерде дивиденд алуға, сенімхат арқылы дауыс беру құқығын беруге және акцияларды бірлесіп сатуға құқықты иеленеді.